НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ю.Путинцева екінші айналымда отандасы, әлемнің 16-ыншы, осы жарыстың 13-ракеткасы Елена Рыбакинамен кездесті.
Бұған дейін екеуі өткен жылы Рим додасында ойнап, онда Ю.Путинцева 4:6, 7:6 (7:3), 6:2 есебімен жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы да Путинцева басымдылық көрсетті. Бірінші сетте 6:2 есебімен ұтса, екіншісінде тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:5).
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде эйс жасамағанымен, Путинцева 14 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Рыбакина 3 эйс жасап, 2 брейкке (4 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Ю.Путинцева үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Индиан-Уэллсте Зарина Диястың екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина жұптық сында жарысты жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).