НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемнің 43-ракеткасы, қазақстандық Юлия Путинцева Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ю.Путинцева үшінші айналымда әлемнің 29-ыншы, осы жарыстың 24-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен кездесті.
Бірінші партияда латвиялық теннисші басымдылық көрсетті – 6:3.
Екіншісінде Путинцева есе қайырды – 6:2.
Үшінші, шешуші сетті Остапенко жеңіспен аяқтады – 6:3.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық теннисші 1 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 6 брейкке (12 брейк-пойнт) қол жеткізді,
Е.Остапенко ширек финалға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Индиан-Уэллс турнирінің үшінші айналымына шыққанын, Зарина Диястың әлемнің бесінші ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Тунисте өткен турнирдің жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).