Теннис: Юлия Путинцева Майами турнирінде ұтылып қалды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың 26-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева доданы екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 95-орында тұрған сербиялық Нина Стояновичпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте сербиялық спортшы брейкпен алға кетті. Дегенмен Ю.Путинцева таразы басын өзіне аудара білді – 7:5.

Екінші сетті қарсыластар брейк алмасумен бастады – 1:1. Сосын қазақстандық теннисші алға кетті – 3:1. Бұдан кейін Стоянович есепті қысқартқанымен, Путинцева қайта брейк жасап, өз геймін де алды – 5:2. Дегенмен матчқа доп бергенде, қарсыласына мүмкіндік беріп қойды – 5:4. Стоянович доп бергенде, матчболын пайдалана алмады. Қарсыласы брейк жасап, алға кетті – 6:5. Ақыры сет Стояновичтің уысында кетті – 7:5.

Үшінші, шешуші партияда Путинцеваның қателескенін пайдаланған Стоянович қос брейкке қол жеткізді – 3:0. Ол екінші сетті қосқанда, қатарынан 9 геймді алды – 4:0. Матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.

Тартысты бәсеке 2 сағат 46 минутқа созылды.

Н.Стоянович үшінші айналымда әлемнің 2-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін жеңімпазы, жапониялық Наоми Осакамен кортқа шығады. Ол екінші айналымда тартысты кездесуде рейтингте 77-сатыдағы аустралиялық Айла Томляновичті 7:6 (7:2), 6:4 есебімен ұтты. Жапониялық теннисші осылайша қатарынан 22 жеңіске қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Майами мастерс турнирін жеңіспен бастағанын, Елена Рыбакинаның үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.