НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Чехиядағы Острава WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 49-орында тұрған Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің алтыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.
Поляк қызы 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта И.Швентек 4 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Путинцева 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
И.Швентек жартылай финалға шығу үшін әлемнің 16-ракеткасы, тағы бір қазақстандық Елена Рыбакина немесе өзінің отандасы Магда Линеттің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Острава жарысын жеңіспен бастағанын, Елена Рыбакинаның екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Astana Open турнирінің ширек финалына өте алмады.
Елордада тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин алғашқы айналымда аустралиялық Джеймс Даквортқа 6:7 (3:7), 1:6 есебімен жол берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).