НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Рим WTA турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 30-шы ракеткасы Ю.Путинцева бастапқы кездесуін рейтингте 49-орында тұрған швециялық Ребекка Петерсонмен өткізді.
Қазақстандық теннисші 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 42 минутқа созылды.
Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 16-ыншы, осы доданың 8-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичпен кездеседі. Осының алдында US Open жарысының төртінші айналымында Юлия Петраны ұтып, ширек финалға шыққан болатын.
Бір қызығы, Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина мен Ю.Путинцева келесі қарсыластарын жеңсе, өзара кездеседі.
Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 47-сатыдағы чехиялық Мария Боузковамен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Рим турнирін жеңіспен бастағанын, ал А.Бубликтің ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).