НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцева Белградта Сербия ашық чемпионатын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Белградтағы WTA 250 турнирінің 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 100-орында тұрған словениялық Кайя Юванмен өткізді.
Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте Юлия брейк жасап, алға шыққанымен, қатарынан үш геймді қарсыласына беріп қойды - 4:6.
Есесіне екінші сетте 5:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін словениялық спортшы брейк жасағанымен, партия Путинцеваның есебіне жазылды - 6:2.
Үшінші, шешуші партияда есеп 1:1 болғаннан кейін Юлия қарсыласына дес бермеді - 6:1.
Орталық кортта өткен тартысты бәсеке 2 сағат 19 минутқа созылды.
Ю.Путинцева жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын доданың екінші айналымында әлемнің 67-ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванк немесе рейтингіде 188-сатыдағы хорватиялық Ана Конюхтың біреуімен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде 38-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).