НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева Страсбург (Франция) WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ю.Путинцева бастапқы кездесуін әлемнің 59-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде швециялық спортшы есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда Ю.Путинцева жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:2).
Қарсыластар 3 сағат 21 минутқа созылған аса тартысты бәсекеде өз есептеріне 9 брейктен жазды.
Ю.Путинцева екінші айналымда ширек финалға шығу үшін әлемнің 53-ракеткасы, швейцариялық Жиль Белен Тайхманмен күш сынасады.
Тағы бір қазақстандық, дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған Зарина Дияс осы додада әлемнің 57-ракеткасы, франциялық Каролин Гарсияға 5:7, 2:6 есебімен есе жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде 37-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).