НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Юлия Путинцева жылдың беташар матчын Брисбенде (Аустралия) өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ю.Путинцева Брисбен WTA турнирінің іріктеу сайысында 1-ракетка болып тіркелген.
Қазақстандық теннисшінің 4 қаңтар күнгі алғашқы қарсыласы – әлемдік рейтингте 142-орында тұрған ұлыбританиялық Хэрриет Дарт. Оны жеңген жағдайда америкалық, әлемнің 95-ракеткасы Мэдисон Бренгл немесе рейтингте 107-сатыдағы украиналық Катарина Завацкаяның бірімен кездеседі.
Брисбендегі негізгі жарыс 6-12 қаңтар аралығында өтеді. Оған қатысушылар қатарында әлемдік рейтингтің көшбасшылары, аустралиялық Эшли Барти, чехиялық Каролина Плишкова, жапониялық Наоми Осака бар. Сондай-ақ рейтингте алғашқы ондыққа кіретін украиналық Элина Свитолина (6-ракетка), чехиялық Петра Квитова (7) және Нидерланд өкілі Кики Бертенс (9) бақ сынайды.
Өткен жылы бұл турнирдің финалында К.Плишкова украиналық Леся Цуренконы 4:6, 7:5, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, жеңімпаз атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).