АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 наурыз күні әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингті жария етті.
«PROСПОРТ» сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс 32-інші орнын сақтап қалды. Есесіне тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова бірден 14 сатыға төмендеп, 74-інші орынға сырғып кетті. Юлия Путинцева 107-ден 101-інші орынға көтерілді.
Алғашқы ондықта ешқандай өзгеріс болған жоқ. Рейтинг көшін бұрынғысынша американдық теннисші Серена Уильямс бастап келеді. Айта кетейік, өткен аптада Индиан-Уэллс турнирінде З.Дияс осы С.Уильямстен жеңілген болатын. Бұл жарыста кеше финалда сербиялық Елена Янковичті ұтқан румыниялық Симона Халеп жеңімпаз атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).