АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан теннистен халықаралық турнирде қазақстандық Зарина Дияс үшінші айналымда әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямске жол берді.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, С.Уильямс 6:2, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Сөйтіп, Зарина әлемдік рейтингтің көш басында келе жатқан теннисшімен де кездесіп көрді. Бұған дейін ол өткен жылы қазір әлемнің үшінші ракеткасы, румыниялық Симона Халептен екі рет өте алмаса, биыл рейтингте екінші орындағы ресейлік Мария Шараповадан да жеңілді. Дегенмен биыл әлемнің үздік он теннисшісінің қатарына кіретін германиялық Андреа Петковичті ұтты.
Айта кетейік, Серена Уильмс Индиан-Уэллс турнирінде 2001 жылғы жарыста өзінің және апасы Винустың атына айтылған нәсілшілдік және «жартылай финалда келісіп, бірі екіншісіне жол берді» деген айыптау сөздерге байланысты содан бері бұл жарыстан бас тартып келген болатын. Биыл қайта оралған ол - чемпиондықтан басты үміткерлердің бірі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).