АСТАНА. ҚазАқпарат - Майами қаласында (АҚШ) теннистен өтіп жатқан ірі халықаралық турнирде қазақстандық Зарина Дияс үшінші айналымға шықты.
Жүлде қоры 6,1 млн. доллардан асатын жарыстың екінші айналымында дүниежүзілік рейтингте 97-інші орында тұрған Зарина осы турнирдің 31-інші, әлемнің 34-інші ракеткасы, австралиялық Дарья Гаврилованы 7:5, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Үшінші айналымда Зарина әлемнің бірінші ракеткасы, атышулы америкалық Серена Уильямспен шеберлік байқасады. Бірден екінші айналымға өткен Серена алғашқы кездесуінде отандасы Кристина Макхэйлді тартысты бәсекеде үш партияда (6:3, 5:7, 6:2) ұта алды.
Еске сала кетейік, бір жыл бұрын З.Дияс Индиан-Уэллс турнирінің үшінші айналымында С.Уильямске 2:6, 0:6 есебімен есе жіберген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).