АСТАНА. ҚазАқпарат - Доха қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирдің екінші айналымында Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс германиялық, дүниежүзілік рейтингте оныншы орындағы Андреа Петковичпен күш сынасты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, аса тартысты өткен матчтың бірінші партиясын 7:5 есебімен Зарина ұтса, екіншісінде неміс теннисшісі басымдылық көрсетті (6:2). Үшінші, шешуші партияда А.Петкович 6:4 есебімен жеңіске жетіп, бұдан бір апта бұрын Дубайда Заринадан жеңіліп қалғанының қарымтасын қайырды. Дегенмен бұл ойын қазақ теннисшісінің әлемнің үздік ойыншыларымен терезесі тең дәрежеде тайталаса алатынын көрсетті.
Енді ширек финалда А.Петкович әлемнің тоғызыншы, осы турнирдің бесінші ракеткасы, ресейлік Екатерина Макарованы үш партияда ұтқан чехиялық, дүниежүзілік рейтингте 15-інші сатыдағы Люси Шафаржовамен кортқа шығады.
Айта кетейік, Дубайда ерлер арасында өтіп жатқан ірі турнирде қазақстандық Андрей Голубев екінші айналымда әлемнің бірінші ракеткасы, сербиялық Новак Джоковичтен жеңіліс тапты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).