Теннис: З.Дияс австралиялық Д.Гавриловамен қайта кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Чарльстон қаласында (АҚШ, Оңтүстік Каролина штаты) 4-10 сәуір аралығында теннистен өтіп жатқан халықаралық жарыста қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды.

Сhampionat.com сайтының хабарлауынша, жүлде қоры 753 мың АҚШ долларын құрайтын турнирдің алғашқы айналымында Қазақстанның бірінші, әлемнің 61-інші ракеткасы Юлия Путинцева жапониялық Куруми Нарамен күш сынасады.
Ал дүниежүзілік рейтингте 70-орында тұрған Ярослава Шведова бұрынғы отандасы, ресейлік Евгения Родинамен шеберлік байқасады.
Осы аптада әлемдік рейтингте бірден 11 сатыға жоғарылап, 86-ыншы орынға көтерілген Зарина Дияс Чарльстон турнирінің 12-інші ракеткасы, бұрынғы ресейлік, қазір Австралияның намысын қорғап жүрген Дарья Гавриловамен кортқа шығады. Мұның алдындағы Майами турнирінде Зарина Д.Гаврилованы 7:5, 6:3 есебімен ұтып, үшінші айналымда әлемнің бірінші ракеткасы, америкалық Серена Уильямске есе жіберген болатын.