АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина бірінші айналымда негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан өтіп, қосылған украин қызы Катерина Бондаренкомен күш сынасты. Екі сағаттай уақытқа созылған кездесуде қазақстандық теннисші қос тай-брейкті де 9:7, 7:5 есебімен өз пайдасына жазды.
З.Дияс негізі алғашқы айналымда итальяндық Камила Джорджимен шеберлік байқасуы тиіс болатын. Бірақ ол бұл турнирге қатысудан бас тартты. Зарина екінші айналымда атақты белорус теннисшісі, осы турнирдің 12-інші ракеткасы Виктория Азаренкомен кортқа шығады.
Айта кетейік, жаңартылған әлемдік рейтингте З.Дияс екі орынға сырғып, 34-інші сатыға орналасқан болатын. К.Бондаренко 120-сыншы орында тұрса, кезінде дүниежүзілік көшті бастаушылардың бірі болған, Австралия ашық чемпионатының екі мәрте жеңімпазы В.Азаренко қазір 25-інші сатыда келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).