АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-інші ракеткасы Зарина Дияс Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің үшінші айналымына шықты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, осы жарыстың 12-інші, әлемнің 25-інші ракеткасы, беларусь қызы Виктория Азаренко аяғының жарақатына байланысты З.Дияспен кездесуден бас тартты.
Зарина ширек финалға шығу үшін осы турнирдің 6-ыншы ракеткасы, чехиялық Каролина Плишкова немесе британиялық Йоханна Контаның біреуімен күш сынасады.
Еске сала кетейік, жүлде қоры 665,9 мың АҚШ долларын құрайтын Бирмингем турнирінің алғашқы айналымында Зарина Дияс өткен аптада Голландияның Хертогенбос қаласында халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған итальяндық Камила Джорджимен кездесуі тиіс болатын. Алайда К.Джорджи бұл жарысқа қатысудан бас тартқаннан кейін Зарина бірінші кездесуінде іріктеу сайыстарынан өтіп, негізгі турнирге қосылған украин қызы Катерина Бондаренконы 7:6, 7:6 есебімен ұтқан еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).