Теннис: З.Дияс Чарльстон турнирінде алғашқы айналымнан аса алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Чарльстон қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирдің бірінші айналымында қазақстандық Зарина Дияс осы жарыстың 12-інші ракеткасы, австралиялық Дарья Гавриловамен күш сынасты.

Тікелей спорттық көрсетілім арқылы мәлім болғанындай, бірінші партия австралиялық теннисшінің басымдылығымен өтті. Ол есепті 5:0-ге жеткізгеннен кейін Зарина өз геймін алғанмен, Д.Гаврилова 6:1 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда дәл осы жағдай қайталанып, бұл жолы керісінше З.Дияс 6:1 есебімен ұтты. Шешуші, үшінші партияда брейк жасаған австралиялық теннисші 2:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Зарина таразы басын теңестіргенімен, Дарья тағы бір брейкке қол жеткізіп, қорытындысында 6:3 есебімен қазақстандық теннисшіні тізе бүктірді.

Сөйтіп мұның алдындағы Майами турнирінде дәл осы Д.Гаврилованы 7:5, 6:3 есебімен ұтқан З.Дияс Чарльстон турнирінде алғашқы айналымнан аса алмады.

Еске сала кетейік, жүлде қоры 753 мың АҚШ долларын құрайтын Чарльстон турнирінің бірінші айналымында сондай-ақ Қазақстанның бірінші, әлемнің 61-інші ракеткасы Юлия Путинцева жапониялық Куруми Нарамен, ал Ярослава Шведова ресейлік Евгения Родинамен кортқа шығады.