ОРАЛ. ҚазАқпарат - Цинциннатиде (АҚШ) теннистен өтіп жатқан ірі халықаралық турнирде қазақ қызы Зарина Дияс бірінші айналымда румыниялық Ирина Бегуді 7:6, 7:6 есебімен ұтты.
З.Дияс екінші айналымда чехиялық азулы теннисші, әлемдік рейтингте 16-орында тұрған Люси Шафаржовамен күш сынасады. Люси алғашқы кездесуінде американдық Винус Уильямсты үш партияда тізе бүктірді.
Зарина Дияс осы жеңісімен-ақ алдағы аптада әлемнің ең үздік елу теннисшісінің қатарына енуі әбден ықтимал және ол Ярослава Шведованың алдына түсіп, қайтадан Қазақстанның бірінші ракеткасы атанады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).