Теннис: З.Дияс Доха турнирінде әлемнің оныншы ракеткасымен кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат бұдан бұрын болжағанындай, теннистен Доха қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің екінші айналымында осы аптада дүниежүзілік рейтингте қайтадан 31-інші орынға жоғарылаған Зарина Дияс германиялық, әлемнің оныншы, аталмыш турнирдің алтыншы ракеткасы Андреа Петковичпен кездеседі.

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 24 ақпан күні 21 жасар Зарина тунис теннисшісі Онс Жаберді 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Ал 27 жастағы А.Петковичке бельгиялық Кирстен Флипкенсті жеңу оңайға түскен жоқ. Бірінші партияда 7:6 есебімен К.Флипкенс басымдылық көрсетсе, содан кейін А.Петкович қайратына мініп, 6:3, 6:2 есебімен есе қайырды.

Айта кетейік, бұдан бір апта бұрын З.Дияс Дубай турнирінде дәл осы А.Петковичті екі партияда (7:5, 6:3) ұтып кеткен болатын. Бұл қазақстандық теннисшінің өз спорттық жолында алғашқы ондықтағы ойыншыны екінші рет ұтуы еді (біріншісі - сербиялық Елена Янкович). Ал егер Дохадағы турнирде де сәттілік пен шеберлік жолдас болып, Зарина қарсыласын жолдан тайдырса, үшінші айналымда ресейлік Екатерина Макаровамен тағы да кортқа шығуы мүмкін (Дубайда З.Дияс одан жеңіліп қалған болатын). Осы турнирдің бесінші ракеткасы Е.Макарова екінші айналымда чехиялық Люси Шафаржовамен күш сынасады.