АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс Катардың Доха қаласында 23-28 ақпан аралығында теннистен өтетін халықаралық турнирге қатысады.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина бірінші айналымда өзінен бір жас кіші, 1994 жылғы тунис қызы Онс Жабермен күш сынасады. Егер екінші айналымға өтсе, З.Дияс тағы да германиялық Андреа Петковичпен кездесіп қалуы мүмкін. Зарина осының алдында Дубайда өткен турнирде әлемнің оныншы ракеткасын жеңіп кеткен болатын.
Айта кетейік, жүлде қоры 731 мың АҚШ долларына тең Доха турниріне чехиялық Петра Квитова, даниялық Каролина Возняцки, поляк Агнешка Радваньска сынды әлемнің маңдайалды теннисшілері қатысады. Ал Дубай турнирінің жеңімпазы атанған румыниялық Симона Халеп жарақатына байланысты Дохада ойнаудан бас тартты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).