АСТАНА. ҚазАқпарат - Дубай қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирде Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс әлемдік сатыда оныншы орында тұрған германиялық Андреа Петковичті ұтты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина 7:5, 6:3 есебімен екі партияда жеңіске жетті.
Осының алдында А.Петкович Антверпен турнирінің жеңімпазы атанып, дүниежүзілік рейтингте оныншы орынға көтерілген еді.
Турнирдің келесі айналымында З.Дияс әлемнің тоғызыншы ракеткасы, ресейлік Екатерина Макарова немесе украиналық Катерина Козлованың қай жеңгенімен кездеседі.
Айта кетейік, 2010 жылы З.Дияс Кремль кубогы үшін жарыста сол турнирдің бірінші, әлемнің сегізінші ракеткасы болған сербиялық Елена Янковичті жеңіп, айды аспанға шығарған болатын. Енді, міне, А.Петковичті де тізе бүктіріп отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).