АСТАНА. ҚазАқпарат - Дубай қаласында теннистен өтіп жатқан ірі халықаралық турнирде қазақстандық Зарина Дияс бүгін осы турнирдің алтыншы, әлемнің тоғызыншы ракеткасы, ресейлік Екатерина Макаровамен шеберлік байқасты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл кездесуде 26 жасар ресейлік теннисші 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ол 13 брейк-пойнттың алтауын пайдалана білді. Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-інші ракеткасы, 21 жасар Зарина үш брейк жасады.
Бұдан бұрын аталған теннисшілер бір рет кездесіп, онда да Е.Макарова жеңген болатын. Енді ширек финалда ол осы турнирдің бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеп немесе болгариялық Цветана Пиронкованың біреуімен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, жүлде қоры 2,5 млн. АҚШ долларынан асатын Дубай турнирінде З.Дияс кеше әлемнің оныншы ракеткасы, германиялық Андреа Петковичті ұтқан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).