Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-інші ракеткасы, 21 жасар З.Дияс Ұлыбританияның Ноттингем қаласындағы жарыстың алғашқы айналымында итальяндық тісқаққан теннисші Франческа Скьявонемен кездесті. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта екі тай-брейкте де Зарина 7:6 (7:5), 7:6 (8:6) есебімен жеңіске жетті. 2010 жылы «Ролан Гаррос» турнирін ұтқан 34 жасар Ф.Скьявоне қазір әлемдік рейтингте 75-інші орында тұр.
Зарина келесі айналымда американдық 20 жасар, дүниежүзілік рейтингте 129-ыншы орында тұрған Сачия Викеримен кортқа шығады. Ол негізгі турнирге іріктеу сайыстары арқылы өтіп, бірінші айналымда қытайлық Цзян Ванды жеңді.
Қазақстандық тағы бір теннисші Ярослава Шведова Голландияның Хертогенбос қаласындағы турнирде осы жарыстың бірінші, әлемнің он бірінші ракеткасы, канадалық Эжени Бушармен күш сынасты. Екі сағатқа жуық уақытты алған бұл кездесуде Ярослава 6:4, 1:6, 6:4 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Үшінші, шешуші партияда әлемдік сатыда 76-ыншы орындағы қазақстандық теннисші 0:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын өзіне аудара білді.
Я.Шведованың келесі қарсыласы - жаңазеландиялық Марина Эракович. Ол бірінші айналымда германиялық Карина Виттхефті 6:4, 7:6 есебімен жолдан тайдырды.
Айта кетейік, Уимблдон турниріне дайындық болып есептелетін бұл екі жарыстың да жүлде қоры - 250 мың АҚШ доллары. Өткен жылғы Уимблдон турнирінде З.Дияс пен Я.Шведова табысты өнер көрсетіп, төртінші айналымға дейін жеткен болатын.