АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан теннистен халықаралық турнирді қазақстандық Зарина Дияс жеңіспен бастады.
Әлемнің 52-інші, Қазақстанның бірінші ракеткасы З.Дияс бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 140-ыншы орында тұрған қытайлық Чжан Кайлиньмен кездесіп, оны 6:4, 7:6 есебімен ұтты.
Осы турнирдің жетінші ракеткасы болып тіркелген Зарина Дияс келесі айналымда бірінші кездесуінде румыниялық Андреа Митуды 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірген чехиялық Катержина Синяковамен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, жүлде қоры 426 750 АҚШ долларын құрайтын Шэньчжэнь турнирінде сондай-ақ тағы бір қазақстандық, әлемнің 67-інші ракеткасы Ярослава Шведова да өнер көрсетеді. Ол эстониялық Анетт Контавейтпен күш сынаспақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).