АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс бүгін Токио турнирінің алғашқы айналымында голландиялық, әлемдік рейтингте 93-інші орында тұрған Кики Бертенспен күш сынасты.
Бірінші партияда Зарина үш брейкке қол жеткізсе, Кики екеумен шектелді. Сөйтіп З.Дияс мұнда 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияны қазақстандық теннисші сәтті бастап, 3:0 есебімен алға шыққанымен, көп ұзамай К.Бертенс таразы басын теңестірді. Дегенмен бұл партияны да Зарина 6:4 есебімен өз пайдасына аяқтай білді. Енді ол екінші айналымда америкалық Лорен Дэвисті ұтқан Польша елінің өкілі, әлемнің 84-інші ракеткасы Магда Линетпен кездеседі.
Айта кетейік, Зарина кеше жаңартылған әлемдік рейтингте бірден сегіз сатыға төмендеп, 35-інші орыннан 43-іншіге түсіп қалған болатын. З.Дияс Токио турнирінде жұптық сында да өнер көрсетуде. Америкалық Николь Меличармен бірінші айналымнан өткен Зарина енді Чань Хао - Чин Чань Ю немесе К.Датэ-Крумм - Я.Гайдошова жұбының қай жеңгенімен кортқа шығады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).