ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теннистен АҚШ-тың ашық чемпионатында қазақстандық Зарина Дияс америкалық Катрин Беллиспен күш сынасты.
Кездесуді Eurosport 2 арнасы тікелей эфирде көрсетті. Жиырма жасар Зарина әлемдік рейтингте 48-інші орында. Оның қарсыласы К.Беллис небәрі 15 жаста ғана екен. Соған қарамастан, бірінші айналымда осы турнирдің 12-інші ракеткасы, словакиялық Доминика Цибулкованы ұтқан американ қызы шынында да болашағынан үлкен үміт күттіреді. Оның үстіне көрермендер К.Беллистің жағында болды. Бірінші партия 6:3 есебімен Заринаның пайдасына шешілсе, екінші сетті жанкүйерлердің демеуімен қанаттанған Катрин 6:0 есебімен ұтты. Алайда шешуші, үшінші партияда қайратына мінген Зарина 6:2 есебімен жеңіп кетті.
З.Дияс үшінші айналымда әлемнің 17-інші ракеткасы ресейлік Екатерина Макаровамен кортқа шығады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).