АСТАНА. ҚазАқпарат - Мельбурн қаласында өтіп жатқан Австралияның ашық чемпионатында Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс үшінші айналымға жолдама алды.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина аса тартыста матчта тағы да жеңіске деген жігерін көрсете білді. Ол словакиялық теннисші Анна Шмидловаға бірінші партияда 3:6 есебімен есе жібергенімен, екіншісінде 6:2 есебімен басымдылық танытты. Ал үшінші, шешуші партияда 8:6 есебімен таразы басын өзіне аудара білді.
ҚазАқпарат бұдан бұрын болжағанындай, З.Дияс үшінші айналымда атышулы ресейлік, әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Мария Шараповамен шеберлік байқасады. Бірақ М.Шараповаға екінші айналымда жерлесі Александра Пановамен айқас оңайға түскен жоқ. Атақты теннисші жеңіліп қала жаздап барып, ең тағдыршешті тұста шеберлігін танытып, ұтып кетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).