ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теннистен АҚШ-тың ашық чемпионатында қазақстандық Зарина Дияс үшінші айналымда ресейлік Екатерина Макаровамен кездесті.
Бұл жолы З.Диястан әлдеқайда тәжірибелі, жиырма алты жасар Е.Макарова 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Сөйтіп қазақстандық теннисшілер арасында жекелей сында жалғыз өзі үшінші айналымға жеткен З.Дияс одан әрі аса алмады. Дегенмен осының өзін табыс деп есептеуге болады. Бұған дейін Австралияның ашық чемпионатында үшінші, Уимблдонда төртінші айналымға дейін жеткен Зарина үшін 2014 жыл, жалпы алғанда, сәтті болды. Қазіргі кезде әлемдік рейтингте Зарина 48-інші орында тұрса, алдағы аптада бұдан жоғарылары анық. Оның небәрі жиырма жаста екендігін ескерсек, осы бетінен қайтпаса, болашақта бұдан да биік асуларға шығатынына сенуге болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).