НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Tennis Europe (TE) ұйымы биыл күзде 14 жасқа дейінгілер арасында Монте-Карлода өтетін Junior Masters турнирінің (чемпиондық кесте) жаңартылған рейтингісін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, Заңғар Нұрланұлы аталмыш рейтингте 445 ұпаймен қайта көш бастады.
Заңғар бұған өткен аптада Парижде Tennis Europe сериясы бойынша ұйымдастырылған жарыста жеңімпаз атануы нәтижесінде қол жеткізді. Турнир барысында жас қазақстандық теннисші Аустрия, Ресей және Франция елдерінің бірінші ракеткаларын қапы қалдырған болатын.
Tennis Europe ұйымының 14 жасқа дейінгілер арасындағы жалпы рейтингісінде Заңғар Нұрланұлы бесінші орынға жайғасты.
Junior Masters – ірі халықаралық дода. Оған Еуропаның 14 және 16 жасқа дейінгі ең үздік теннисшілері қатысады. Кезінде мұнда Рафаэль Надаль, Ким Клейстерс, Александр Зверев, Белинда Бенчич сынды мықты ойыншылар чемпион атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Франциядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).