НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Tennis Europe (ТЕ) ұйымы биыл күзде Монте-Карлода өтетін Junior Masters турнирінің жаңартылған рейтингісін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, 14 жасқа дейінгілер арасында Заңғар Нұрланұлы бір ай бойы көш бастап келеді.
Жасөспірімдер арасында ұйымның жалпы кестесінде Заңғар төртінші орында тұр.
Даниэль Тазабеков 22-орында қалса, тағы бір қазақстандық Дамир Жалғасбай Минскіде өткен жарыстың финалына шығуы нәтижесінде 28-сатыға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Анна Данилинаның жұптық сында жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Аружан Сағындықова үшінші айналымға шыққанымен, жартылай финалға өте алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).