Теннис: Заңғар Нұрланұлы Пенза турнирінің ширек финалына шықты

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресейдің Пенза қаласында Tennis Europe Junior Tour сериясы бойынша Penza Cup-2021 турнирі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жарысқа 14 жасқа дейінгі 88 спортшы қатысуда.

Жекелей және жұптық сында жас теннисшілер бақ сынап жатқан жарысты Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищев ашып, сәттілік тіледі.

Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы екінші айналымда ресейлік Марат Салбиевті 6:2, 6:1 есебімен ұтып, ширек финалға өтті. Ол ертең тағы бір ресейлік Павел Сквортковпен кортқа шығады.

Халықаралық дода 21 наурызға дейін жалғасады.

12 жастағы Заңғар 2018 жылы 10 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан чемпионы атанған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Дубай турнирінде тартысты матчта жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.