НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зара Дәркен украиналық Ева Галиевскаямен бірге жұптық сында Минскіде жасөспірімдер арасында SMENA CUP халықаралық турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жасөспірімдер арасындағы жылдың алғашқы жарысында қазақстандық-украиналық жұп соңғы бәсекеде Беларусь елінің өкілдері Марта Мельниченок пен Александра Слахаевамен кездесті.
Тартысты өткен матч барысында қарсыластар әр доп үшін күресіп бақты.
Бірінші партияда беларусь жұбы 7:5 есебімен басымдық танытты. Екінші сеттің ортасында да оларға сәттілік жолдас болды. Сөйтіп бәсекені жеңіспен тәмамдай білді – 7:5.
Зара Дәркен жекелей сында жарыстың бірінші ракеткасы болып, жартылай финалға дейін жетті. Ширек финалда қазақстандық теннисші Беларусь өкілі Алина Буршты 6:1, 6:1 есебімен оңай жеңді. Әйтсе де жартылай финалда тағы бір беларусь қызы Полина Кухаренкоға 2:6, 6:7 есебімен есе жіберді.
Еске сала кетейік, Зара Дәркен Еуропа жасөспірімдер рейтингісінде үздік 30 теннисшінің қатарына кірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).