БЕЛГРАД. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зара Дәркен Белградта өткен үшінші санаттағы Tennis Europe 14&U халықаралық турнирінің абсолютті жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Зара Дәркен жекелей және жұптық сында да үздік шықты.
З.Дәркен жекелей сында финалда сербиялық Петра Коньикушичпен кездесті.
Бірінші партия барысында бесінші геймде қазақстандық теннисші брейк жасай алды. Сосын сетті өз пайдасына жазды – 6:2.
Екінші сетте де Зара басымдылық танытты – 6:3.
Бәсеке 1 сағат 30 минутқа созылды.
З.Дәркен кездесу барысында екі эйс, бес рет брейк жасады.
Осылайша Зара маусымдағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. Соның екеуі оның жұптық сындағы табысы еді.
Зара кеше осы жарыста германиялық Настасия Нестеровичпен бірге жұптық сында да жеңіс тұғырына көтерілген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің ATP турнирлерінде эйс саны жөнінен көш бастап келе жатқанын, Зара Дәркеннің Сербиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).