НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зара Дәркен жасөспірімдер арасында Ирпень (Украина) қаласында Тennis Еurope сериясында өтіп жатқан Ukrainian Junior Open турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, З.Дәркен жекелей және жұптық сында да сәтті өнер көрсетуде.
Зара ширек финалда тартысты матчта Израиль өкілі Сапир Коэнді 6:4, 4:6, 7:6 есебімен ұтты. Бүгін ол финалға шығу үшін осы турнирдің 2-ракеткасы, ресейлік Мария Головинамен таласады.
Қазақстандық теннисші жұптық сында жартылай финалда украиналық Евгения Зеленскаямен бірге корт иелері Вероника Павленко – Диана Смолинскаямен шеберлік байқасады.
«Турнир мен үшін табысты өтуде. Алғашқы айналымнан бастап жақсы ойын өрнегін көрсеттім. Жартылай финалда да аянып қалмаймын, жеңіс үшін барымды саламын», деді Зара Дәркен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Берлин турнирінің екінші айналымына шыққанын, ал Александр Бубликтің Лондонда ширек финалға өте алмағанын жазған болатынбыз.
Е.Рыбакина бүгін Берлинде әлемнің 13-ракеткасы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен ойнайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).