НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс АҚШ-тағы Джорджия ITF турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүлде қоры 80 мың АҚШ долларын құрайтын жарыстың ширек финалында доданың 2-ракеткасы болып тіркелген З.Дияс америкалық Виктория Дювальмен күш сынасты.
Қазақстандық теннисші 1 сағат 16 минутқа созылған кездесуде 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Зарина финалға шығу үшін әлемнің 94-ракеткасы, бразилиялық Майя Хаддад Беатриспен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің жұптық сында Антверпен турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
А.Недовесов украиналық Денис Молчановпен бірге жартылай финалда франциялықтар Николя Маю - Фабрис Мартеннен ұтылып қалды - 6:7, 2:6.
Бұл А.Недовесовтің жұптық сында ATP додаларындағы үшінші жартылай финалы еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).