АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс бүгін жаңартылған әлемдік рейтингте 48-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенбі күні аяқталған Майами турнирінің төртінші айналымына дейін жеткен Зарина бұдан бұрын 56-ыншы сатыда тұрған еді. Сөйтіп ол рейтингтегі үздік көрсеткішіне (31) біртіндеп жақындап келеді.
Сонымен қатар Майами жарысындағы сәтті өнерінен кейін З.Дияс өзінің спорттық жолында тапқан табысын 2 млн АҚШ долларынан асырды.
Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева 75-тен 79-ыншы сатыға сырғыды.
Еске сала кетейік, З.Дияс бүгін басталатын Чарльстон турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 86-ыншы ракеткасы, америкалық Кристина Макхейлмен шеберлік байқасады. Егер оны жеңсе, дүниежүзілік рейтингте 12-інші орында тұрған ресейлік Дарья Касаткинамен кездеседі.
Фото: sportsnewsfever.com
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).