НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 73-орында тұрған З. Дияс үшінші айналымда әлемнің 10-ракеткасы, нидерландылық Кики Бертенспен күш сынасты.
Бірінші партияда бірден брейк жасаған Бертенс басымдылық көрсетті - 6:2.
Екінші сетте Зарина 4:2 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы таразы басын теңестірді. Ақыры тай-брейкте Бертенс жеңіске жетті - 7:6 (7:3).
Бәсеке 1 сағат 35 минутқа созылды.
Осылайша Аустралия ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бублик пен М.Кукушкиннің жұптық сында үшінші айналымға шыққанын, ал Ю.Путинцеваның жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).