АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Бейжің турниріндегі іріктеу сайысының финалында ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зарина әлемдік рейтингте 92-інші орында, қарсыласы одан бір саты жоғары тұрғанына қарамастан, ойын қазақстандық теннисшінің айқын басымдылығымен өтті.
З.Дияс алғашқы партияда Уотсонға бірде-бір гейм бермей, 6:0 есебімен жеңіске жетті. Екінші сет те оның пайдасына шешілді - 6:3.
Кездесу 1 сағат 1 минутқа созылды.
Осылайша Зарина Дияс Бейжіңнің негізгі турниріне жолдама алды. Оның ендігі қарсыласы кейін анықталады.
Іріктеу сайыстарына сондай-ақ Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-інші ракеткасы Юлия Путинцева да қатысуда. Ол алғашқы бәсекесінде қытайлық Ифань Сюйді 6:0, 6:4 есебімен оңай ұтты. Қазіргі сәтте ол іріктеу сайысының финалында әлемнің 111-інші ракеткасы, америкалық Кристина Макхейлмен негізгі турнирдің жолдамасын сарапқа салуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың Бейжіңде іріктеу сайысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).