Теннис: Зарина Дияс Чикаго турнирінің ширек финалына шықты
Қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингте 114-орында тұрған италиялық Сара Эрранимен кездесті.
Бірінші партияда Зарина 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте 34 жастағы тәжірибелі теннисші есе қайырды – 6:1.
Үшінші, шешуші партияда З.Дияс 3:1 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы таразы басын теңестірді. Дегенмен Зарина тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.
2 сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық спортшы 3 брейк жасап, 12 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. С.Эррани 1 эйс жасап, 16 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.
З.Дияс жартылай финалға шығу үшін әлемнің 66-ыншы, осы жарыстың 3-ракеткасы, америкалық Энн Лимен таласады. Ол екінші айналымда рейтингте 102-сатыдағы франциялық Осеан Доденді қиналмай ұтты – 6:3, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Чикаго жарысын жеңіспен бастағанын, Елена Рыбакинаның Цинциннати турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Е.Рыбакина жұптық сында да Цинциннати турнирінің екінші айналымына шықты.
Ал Александр Недовесов жұптық сында Германиядағы турнирдің жартылай финалына шықты.