НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Чикаго WTA 125 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 112-орында тұрған З.Дияс ширек финалда әлемнің 66-ыншы, осы жарыстың 3-ракеткасы, америкалық Энн Лимен кортқа шықты.
Бірінші партияда брейк жасаған америкалық теннисші басымдылық көрсетті – 6:4. Екіншісінде Зарина артығымен есе қайырды – 6:2.
Үшінші, шешуші сетте алдымен Ли брейк жасап, алға шыққанымен, Зарина таразы басын теңестірді – 2:2. Алайда америкалық спортшы күш алып, есепті 5:2-ге жеткізді. Бұдан кейін қазақстандық теннисші қайыра брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 3:6.
Тартысты бәсеке 1 сағат 56 минутқа созылды.
Э.Ли финалға шығу үшін аустралиялық Сторм Сандерс немесе даниялық Клара Таусонның біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина Цинциннати мастерс турнирінің ширек финалына өте алмағанын, елордада Astana Open халықаралық турнирі болатынын, Александр Недовесовтің Германиядағы жарыстың финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).