Теннис: Зарина Дияс Дубайда өтетін ірі турнирге қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс 15-21 ақпан аралығында Дубайда өтетін ірі халықаралық турнирге қатысады.

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина алғашқы айналымда германиялық Анника Бекпен күш сынасады.

Бұл турнирге қатысудан әлемнің бірінші ракеткасы, американдық Серена Уильямс бас тартса да, басқа мықтылар баршылық. Солардың ішінде румыниялық Симона Халеп, чехиялық Петра Квитова, поляк Агнешка Радьванска, сербиялық Ана Иванович, ресейлік Екатерина Макароваларды айтса да, жеткілікті.

Жарыстың жүлде қоры да қомақты - 2,513 млн. АҚШ доллары.

Айта кетейік, Зарина осының алдында Таиландтың Паттайя қаласындағы турнирде бірінші айналымда словакиялық Даниэла Гантуховаға есе жіберген болатын. Д.Гантухова мықтылығын танытып, осы жарыстың финалына шығып отыр.