ТЕННИС: Зарина Дияс Гонконг турнирінде бірінші айналымнан аса алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Қытайдың Гонконг қаласында өтіп жатқан «Hong Kong Tennis Open» турнирінің бірінші айналымында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отандасымыз бұл бәсекеде әлемнің 4-ракеткасы және осы турнирдің бірінші нөмірлі ойыншысы украиналық Элина Свитолинамен кездесті. 1 сағат 43 минутқа созылған екі сет қортындысы бойынша Зарина 4:6 және 6:7 есебімен украиналыққа жол берді.
Айта кетейік, бұл Зарина Дияспен Элина Свитолина екеуінің екінші рет кездесуі. 2011 жылы отандасымыз Свитолинаны қапы қалдырған болатын.
Сол кездесуден бері Элина Свитолина WTA аясындағы түрлі бәсекелерде 5 рет жеңімпаз атанып, әлемдік рейтингі 4-орынға дейін көтерілді. Ал Зарина Дияс жарақатына байланысты әлемдік рейтингіде 31-орыннан құлдырап, ТОП 100-ден шығып қалған еді. Жарақатынан сауыққаннан кейін отандасымыз қыркүйек айында Токио қаласындағы WTA бәсекесінде жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Дияс жаңартылған WTA рейтингінде 62 орынға жайғасты.