АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Хиросима турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы турнирдің алтыншы, әлемнің 65-інші ракеткасы З.Дияс беташар матчын дүниежүзілік рейтингте 86-орында тұрған испаниялық Сара Соррибес-Тормомен өткізді.
Зарина бірінші партияда 6:2 есебімен айқын басымдылық көрсетті. Екінші сетте де бет қаратқан жоқ - 6:1.
Кездесу бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды.
Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған турнирдің екінші айналымында З.Дияс Украина елінің өкілі, әлемнің 123-інші ракеткасы Катерина Козлова немесе рейтингте 231-інші сатыдағы қытайлық Чжан Юйсюаньның біреуімен кездесіп, ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
Хиросима турнирі 16 қыркүйек күні мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-інші ракеткасы Юлия Путинцеваның кеше осы жарыстың екінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).