АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Жапонияда өтіп жатқан Хиросима турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ширек финалда Зарина осы жарыстың бірінші, әлемнің 41-інші ракеткасы, қытайлық Чжан Шуаймен кездесті.
Дүниежүзілік рейтингте 65-інші сатыда тұрған қазақстандық теннисші Хиросимада алтыншы ракетка болып тіркелген еді.
2 сағат 13 минутқа созылған матчта Ч.Шуай 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Қытайлық спортшы бәсеке барысында төрт брейк жасаса, Зарина екі-ақ брейкке қол жеткізді.
Сөйтіп З.Дияс 2017 жылы Токиода өткен Japan Women's Open жарысында жеңімпаз атанса, биыл сол жетістігін қайталай алмады. Өткен жылы бұл турнирде Ч.Шуай З.Диястан жеңіліс тапса, биыл қарымта қайтарды.
Ч.Шуай финалға шығу үшін америкалық, рейтингте 134-інші орындағы Аманда Анисимовамен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың Хиросима турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).