НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 108- ракеткасы Зарина Дияс Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған З.Дияс алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 121-сатыда тұрған жапониялық Нао Хибиномен кездесті.
Бұған дейін қарсыластардың өзара төрт мәрте жолдары тоқайласып, соның үшеуінде жапониялық теннисші жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы 1 сағат 14 минутқа созылған матчта З.Дияс 6:3, 6:3 есебімен басым түсті.
Бәсеке барысында қазақстандық спортшы 2 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
З.Дияс екінші айналымда әлемнің бесінші, доданың 3- ракеткасы, чехиялық Барбора Крейчиковамен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Индиан- Уэллсте негізгі турнирге жолдама алғанын, Юлия Путинцева мен Елена Рыбакинаның екінші айналымда өзара
кездесетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).