Дүниежүзілік рейтингте 108-орында тұрған З.Дияс бастапқы кездесуін әлемнің 170-ракеткасы, жапониялық Куруми Нарамен өткізді.
Қазақстандық теннисші 1 сағат 17 минутқа созылған матчта 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке барысында Зарина 2 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды.
З.Дияс іріктеу сайыстарының финалында рейтингте 138-сатыдағы Беларусь өкілі Ольга Говорцовамен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.
Ертең Индиан-Уэллсте негізгі жарыс та басталады. Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ыншы, осы доданың 13-ракеткасы Елена Рыбакина доданы екінші айналымнан бастайды. Тағы бір қазақстандық, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 74-орындағы германиялық Андреа Петковичпен ойнайды. Оны ұтса, екінші айналымда Е.Рыбакина мен Ю.Путинцеваның жолдары тоқайласады.
Ірі турнир 17 қазанда мәреге жетеді. Өткен жылы мұнда канадалық Бьянка Андрееску топ жарған болатын. Ол финалда германиялық Анжелика Керберді 6:4, 3:6, 6:4 есебімен тізе бүктірген еді.
Ерлер арасында Индиан-Уэллс турнирінің іріктеу сайыстарына Қазақстаннан Михаил Кукушкин қатысады. Ол алдымен канадалық Стивен Диаспен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Чикаго жарысының финалына шыға алмағанын, Дмитрий Попконың Лиссабонда чемпион атанғанын жазған болатынбыз.
Д.Попко осы аптада тағы бір қазақстандық Тимофей Скатовпен бірге Барселонада бақ сынайды.