АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Индиан-Уэллстегі (АҚШ) челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Турнирдің 12-ракеткасы болып тіркелген, дүниежүзілік рейтингте 96-орында тұрған қазақстандық спортшы жарысқа екінші айналымнан қосылды. З.Дияс рейтингте 169-сатыдағы қытайлық Хань Син-Юньмен күш сынасты. Бір сағатқа жуық уақытқа созылған матч қазақтандық теннисшінің басымдығымен өтіп, Зарина 6:1, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
З.Дияс ширек финалға шығу үшін осы турнирдің 8-ракеткасы, рейтингте өзінен он саты жоғары тұрған тәжірибелі эстониялық теннисші Кайя Канепимен күш сынасады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 153-ракеткасы Александр Бублик Рау (Франция) челленджер турнирінің екінші айналымында испаниялық Хавьер Косано Барранконы ұтты. Ол ұлыбританиялық, рейтингте 272-орындағы Ян Чоинскимен ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Михаил Кукушкин жарақатына байланысты Дубай турнирінде ойнаудан бас тартқан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).