НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Манчестер ITF турнирінің финалында поляк қызы Магда Линетпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген М.Линетт әлемдік рейтингте 96-орында болса, З.Дияс 101-сатыда еді.
Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық спортшы алға шыққанымен, содан кейін Линетт сәтті ойнап, есепті 5:2-ге жеткізді. Дегенмен Зарина да қалыспай, таразы тасын теңестірді - 5:5. Ақыры бұл сеттің тағдыры тай-брейкте шешілді. Мұнда поляк спортшысы сәтті ойнай білді - 7:1.
Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Зарина брейк жасай білді. Бұдан соң қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ - 6:2.
Үшінші, шешуші партияда Магда Линетт 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Нағыз финалға тән тартысты бәсеке 2 сағат 18 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Манчестер жарысының финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның Хертогенбос (Нидерланды) турнирінің финалына өте алмай қалғанын және Александр Бубликтің Лондонда негізгі турнирге жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).