Қытайда өтіп жатқан халықаралық турнирдің екінші айналымында әлемнің 66-ыншы ракеткасы З.Дияс дүниежүзілік рейтингте 35-орында тұрған Чжан Шуаймен шеберлік байқасты. Тартысты кездесуде Зарина бірінші партияны 6:3 есебімен ұтқанымен, екіншісінде тай-брейкте 6:7 (5:7) есебімен есе жіберді. Дегенмен шешуші партияны 6:4 есебімен өз пайдасына жаза білді.
Осылайша, жаңа жылды сәтті бастаған Зарина Шэньчжэнь турнирінің (жүлде қоры - 750 мың АҚШ доллары) ширек финалына шықты. Енді ол атақты ресейлік, әлемнің 59-ыншы ракеткасы Мария Шарапова немесе америкалық, дүниежүзілік рейтингте 70-інші орында тұрған Элисон Рискенің қай жеңгенімен кездеседі. Кезінде «Үлкен дулыға» турнирін бес мәрте ұтып, дүниежүзілік рейтингте көш бастаған М.Шарапованың «допинг қолданды» деп айып тағылғаннан кейін теннис жарыстарына өткен жылы қайта қосылғаны белгілі.
Айта кетейік, Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-інші ракеткасы Юлия Путинцева үшін жыл сәтсіз басталды. Ол Окленд (Жаңа Зеландия) турнирінде осы жарысқа іріктеу сыны арқылы қосылған әлемдік рейтингте 183-інші сатыда тұрған бельгиялық Исалин Бонавантюрдан 3:6, 3:6 есебімен ұтылып қалды.