НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мельбурнда 31 қаңтарда басталатын Gippsland Trophy WTA 500 турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, дүниежүзілік рейтингте 81-орында тұрған Зарина Дияс алғашқы айналымда әлемнің 51-ракеткасы, германиялық Лаура Зигемундпен кездеседі.
Жарыстың 1-ракеткасы Симона Халеп, сондай-ақ Наоми Осака (2), Элина Свитолина (3), Арина Соболенко (4), Йоханна Конта (5), Ига Швентек (6), Элиза Мертенс (7), Каролина Мухова (8), Екатерина Александрова (9) және Ван Цян (10) доданы екінші айналымнан бастайды.
Жүлде қоры 565 мың АҚШ долларына бағаланған Мельбурн турнирі 6 ақпанда мәреге жетеді.
Мельбурнда 31 қаңтар – 6 ақпан аралығында Yarra Valley Classic турнирі де өтеді. Бұл жарыстың бірінші айналымында тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова әлемнің 87-ракеткасы, бельгиялық Кирстен Флипкенспен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Анталия турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).