Теннис: Зарина Дияс Саманта Стосурмен кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияның Осака қаласында 12 қазан күні таңмен болатын теннистен халықаралық турнирдің финалында қазақстандық Зарина Дияс австралиялық азулы спортшы Саманта Стосурмен кездеседі.

Осы жарыс басталар кезде З.Диястың С.Стосурмен жолы финалда тоқайласуы мүмкін, басқа қарсыластармен Зарина тайталаса алады деген болатынбыз. Сол айтқанымыз келді. С.Стосур бүгін екінші жартылай финалда украин қызы Элина Свитолинаны 7:6, 6:2 есебімен жеңді.

Соңғы сын, әрине, Заринаға оңай тимейді. Саманта - басқасын айтпағанда, «үлкен дулыға» деп аталатын турнирді ұтқан, атағынан ат үркетін теннисші.

2011 жылы Америка ашық чемпионатының финалында қазір әлемдік рейтингтің көшін бастап келе жатқан Серена Уильямстың өзін тізе бүктіріп, жеңімпаз атанған. Дегенмен, отыздың биігіне шыққан Самантадан әлдеқайда жас спортшымызға сәттілік тілейік.